Ғибратты әңгімелер

Имам Бұхари неліктен 1000 динарды теңізге лақтырды?

Әл-Аджлуни «Әл-Фаваид ад-дарари» кітабында имам Бұхари туралы келесі оқиғаны келтіреді.

Бір күні имам Бұхари білім іздеп кемемен сапарға аттанады. Жол пұлына деп өзімен бірге мың динар алады. Саяхат кезінде кемедегі бір адам имам Бұхаридің көңілін тауып, оның ықыласына ие болады.

Теңіз саяхаты кезінде бұл адам жиі имамның қасында бола бастайды. Бірге өткізген уақыт ішінде имам Бұхари мен ол адам қатты дос болып алады. Имам бұл адамға өзімен бірге мың динар бар екенін айтады.

Имам Бұхари ақша туралы айтқан күннің ертеңіне жаңағы адам оянып, жылай бастайды. Ол бейне бір үлкен шығынға батқандай айғайлап, үстіндегі киімін жыртып, өзінің бетінен ұрады. Басқа серіктері одан не болғанын сұрай бастайды.

Алғашында ол өз жағдайын айта алмай, есеңгіреп қалғандай кейіп танытып, жауап беруден бас тартады. Бірақ адамдардың сұрақтарынан кейін, ақыры: «Менің ішінде мың динары бар сөмкем бар еді, сол жоғалып кетті», деп жауап береді.

Кеме экипажы жолаушыларға тінту жүргізеді. Әрбір жолаушы және оның заттары бірінен соң бірі мұқият тексеріледі. Осы сәтте имам Бұхари не болып жатқанын түсінеді. Ешкім қарап тұрмағанынан көз жеткізген соң, ақша салынған сөмкесін кемеден суға лақтырып жібереді. Іздеу кезегі имамға келгенде ешкім ештеңе таба алмайды.

Бүкіл кеме мен оның барлық жолаушылары тексерістен өтеді, бірақ ақша салынған сөмке табылмайды. Кеме капитаны мен экипаж мүшелері бұл оқиғаны ойлап тапқан адамға қайта оралып, оны жалған мәлімдеме үшін сөгеді.

Ақыры, ұзақ сапардан кейін кеме жағаға жетіп, жолаушылар түсе бастайды. Осы уақытта имам Бұхаридың баяғы досы қасына келіп, ақша салынған дорбаны не істегенін сұрайды.

«Мен оны теңізге тастадым», – деп жауап береді имам Бұхари.

«Сен сонда осындай үлкен ақшаны жоғалтқаныңды шыдамдылықпен қабылдайсың ба?», – деп сұрайды ер адам.

«Ей, надан, – дейді имам Бұхари, – менің бүкіл өмірімді Алла елшісінің (ﷺ) хадистерін жинаумен өткізгенімді білмеуші ме едің. Енді әлем менің сенімділігімді мойындайды. Егер маған ұрлық жасады деген айып тағылса, бұл таңғаларлық жағдай болар еді. Менің өмірімде жинаған асыл маржаным (яғни, ғалым ретіндегі білімім мен жетістіктерім) мың динардың құнына тұрарлық па?».

Бұл оқиға бізге ар-намыстың қадірін үйретіп, бұрынғы имамдардың ешбір жамандық жасамаса да, ар-намысына нұқсан келмеуі үшін қалай әрекет еткенін көрсетеді.

Олар бірнеше себептерге байланысты өздерінің абыройына нұқсан келмеуін мұқият қадағалап отыруға міндетті болды. Бұның ең басты себебі, бұндай жағдай олардың білімі мен еңбектерінің шынайылығына күмән келтіруі мүмкін еді. Ал біз «Сахих Бұхаридың» ислам тарихындағы ең маңызды еңбектердің бірі екенін білеміз.

Аударған: beket-ata.kz

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close