Мақалалар

Ене мен келін татулығы немесе отбасы берекесінің құпиясы

Ене мен келін – терең тақырып. Бұл тақырыпты ұзақ талқылауға болады. Екеуі де маңызды адамдар. Бірі ер азаматтың анасы болса, екіншісі таңдап қосылған жары. Отбасының бірлігі мен берекесін сақтау, үйдегі мамыражай жарасымдылықты қалыптастыру осы екі әйелге тікелей байланысты болмақ.

Ене – екінші ана деп жатамыз. Олай болса онымен неге араздасамыз? Бұл келіндерге қойылар сауал болса, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, біреудің әлпештеп өсірген бүлдіршіндей қызын өз әулетіне келін етіп түсіргеннен кейін енелер жағы оны бауырына жақын тартып, білмегенін үйретіп, жақсысын асырып, жаманын жасырып, онымен неге дос болмасқа? Әрине, бес саусақ бірдей емес. Барлық енелерге топырақ шашуға болмайды. Өмірден көрген-білгені мол, парасатты, басынан ақ жаулығын тастамайтын, келініне де соны үйрететін, жас келіннің үй тірлігіне, еркелігі мен қателіктеріне сабырлықпен, түсінісушілікпен қарайтын енелер бар.

Келін деген  өз үйінде әке-шешесіне емін-еркін еркелеп өскен қыз. Оның басқа ортаға аяқ басып, ол жерге бірден көндігіп кетуі оңай емес. Бұрын үй шаруасы, ас үй тірлігі, отбасы мүшелерінің кір-қоңын жуу жұмыстары, бәрі де ененің билігінде болса, ендігі кезекте осындай міндеттердің барлығы біртіндеп келіннің мойнына ілінеді. Осы үдеден шыға білу, жолыққан қиындықтарға төзу, үйдегі сырды далаға шашпау, әсіресе өз анасына енесін жамандамау, күйеуінің жүрегін жаулағысы келген келіннің енесінің көңілінен орын ала білуі – ол да бір баға жетпес үлкен өнер. Жалпы, үйге келгенде ызыңдамайтын, жағдайын жасап, қабағына қарайтын, анасымен тату тұратын әйелге ер адам күн сайын ғашық болады.

«Келініңді қызыңдай көр, қызың келін болмас па?» демекші, кейбір қыздар тұрмысқа ерте шығады. Сондайда өз анасынан үйреніп үлгермеген шаруаларды ене дұрыс түсініп, келініне дауыс көтермей,  ақырындап әр істе сабырмен бағыт-бағдар беріп отырса, отбасының береке-бірлігі, сыйластығы нығая түспек. Бұл әрине, әңгіменің жарқын жағы. Аталған тақырыптың кейде көлеңкелі тұстары да кездесіп жатады. Мәселен, барлық  адамның  мінез-құлқы бірдей емес. Өкінішке орай, шыдамсыз, күйгелек, сәл нәрседен ілік табатын енелер де, келіндер де бар. Кейбір енелер шаңыраққа түскен жас келінге бірден бағыт-бағдар беріп, бірден өз ыңғайына қарай тәрбиелеп алғысы келеді. Ал асылында тәрбиені әр адам ең алдымен өзінен бастау керек.

Қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп жүрген Зейнеп Ахметова келін мен ене қарым-қатынасы жайлы:

«Қазіргі келіндердің бәрі бірдей шетінен сүттен ақ, судан таза деуден аулақпын. Ол әрине, үйде көрген тәрбиесіне, ұшқан ұясының тектілігіне байланысты. Дегенмен әңгімені енелерге бұрғым келеді. Қазақ жат жұртқа келген келінге тұра бас салып зекімеген, ешқашан жасытпаған, әбден сол үйге балдай батып, судай сіңгенше қамқор болып, көңіліне қаяу түсірмей тәрбиелеуге тырысқан. Ал, қазіргі енелердің көбісі келінін кемсітуге, сыртқа шығып жамандауға дайын тұрады», – деп айтқан.

Расында да, отбасындағы ең әлсіз әрі нәзік тұс осы ене мен келіннің қарым-қатынасы десек өтірік емес. «Жақсы келін қызыңдай, жақсы күйеу ұлыңдай» десек те, ене мен келіннің арасындағы түсініспеушілік бүгінгі қоғамда орын алып жатқанын көріп жүрміз.

Ене мен келін бір-бірімен тіл табыса алмағаннан кейін мұның салдары ортадағы күйеуді әлекке салады. Ер адам не анасының, не келіншегінің сөзін сөйлей алмай, үлкен қиыншылыққа тап болады. Базбірде күйеу бала өз әке-шешесіне, келін өз әке-шешесіне жүгінеді. Егер екі жақ та дұрыс мәмілеге келмейтін болса, бұның соңы құрылған шаңырақтың күйреуіне алып келеді.

Жақында мешітке сондай мәселемен бір ене келді. Ұлының үйленгеніне көп уақыт бола қоймапты. Келіні сол үйдің тәртіп-тәрбиесін қабылдаудың орнына қонған жерінде келіндік орнын ұмытып, түскен шаңырағын билеп-төстегісі  келеді екен. Мұны бағамдаған ене келінге жәй дауыспен, болмаған соң қаттырақ та айтқан. Сонда келіні: «Мен сіздерге қайта-қайта тамақ пісіріп, қайта-қайта үй жинауға уақытым жоқ. Мен жұмыс істеймін, шаршаймын, уақытым тығыз», деп үй шаруаларында өзін біраз шектеп, ондай міндеттерді енесіне аударып қояды. Мұндай жағдайда ене не істеуі керек? Ол келіннің ырқына көнбейтіні белгілі ғой. Бастапқыда жас келіннің мұндай іс-әрекеттеріне көз жұмды. Одан кейін шыдамы шарықтау шегіне жеткен кезде ашуға мінді.

Иә, кемшіліксіз адам болмас. Әйткенмен, кім болса да келін түсіргеннен кейін оны жұмсағысы келеді. Қол-аяғын жылы суға малғысы келеді. Ал мұндай қарым-қатынасты, кішіпейілділікті көрмегеннен кейін ененің сабыры таусылып,  ақылын ашуға жеңдірді.  Сөйтіп, болған жайды келіннің ата-анасы, ата-әжесі естіп, үлкен мәселе туындады. Енді бұл ене ашулы. Құда-жекжатының алдына барып келіннің барлық қате-кемшіліктерін жайып салмақшы. Бірақ бұдан мәселе ушықпаса шешілмесі анық. Бізден берілген кеңес – екі жасты ортаға алып, түсініспеушілікті сабырмен, ақылмен жеңу. Қандай жағдайда да, некені бұзбау, уақытша қиындықтарға төтеп беру. Ал, келіннің төркін жағы немесе анасы «ішіме сыйған қыз сыртыма да сияды» деп оны қызғыштай қорымай, керісінше, «барған жеріңе балдай батып, судай сің», «ата-енеңнің көңілің тап, алдарынан кесе көлденең өтпе», «күйеуіңді, бізді жерге қаратпа» деп ақылдарын айтса құп болар еді.

Бұл қоғамдағы бір ғана мысал. Осыған ұқсас мың сан себептермен үйлене салып ажырасып жатқан жастар қаншама?! «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген аталы сөздің орынды айтылғаны осындай мәселелерде «су бетіне қалғып шығады».

Қорыта келе, жастарға айтарымыз, Ислам діні ата-ана мәртебесін басқа ешбір дінде болмаған дәрежеге көтеріп, оларға тиісті адамгершілік, әдеп-инабаттылықты Алланың жалғыздығына иман келтіруден кейінгі екінші орынға қоятынын ұмытпайық!

Ақмарал Сисембайқызы,

ҚМДБ-ның Әйелдер-қыздар секторының Маңғыстау облысы бойынша жетекшісі,

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің ұстазы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close