Мақалалар

Берекелі «Бараат» түні хақында

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Алла Тағаланың қалауымен біз құтты Шағбан айын тағы бір рет қарсы алдық. Бұл айдың бір ерекшелігі – Бараат түні – адам баласына күнә атаулыдан тазарып, оттан құтылуға мүмкіндік берілетін мезгіл. 2022 жылы бұл наурыз айының 17-нен наурыз айының 18-не қараған түнге сәйкес келеді.

Бараат түні жайында Айша анамыз (одан Алла разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл түннің не түн екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла және Оның елшісі жақсы біледі», – деп жауап бердім. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні құлдарына мейіріммен қарайды, кешірім іздеушілерге кешірім береді, кешірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді. Бірақ жүрегінде ашу-ызасы бар кісілерді мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды», – деді (Бәйһақи).

Тағы бір хадисінде, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді» деп айтқан.

Имам Субуки өзінің тәпсірінде былай деп жазады: «Шынында да, бұл түн жыл бойғы күнәларды жуып, шаяды, ал жұма түні бір апталық күнәларды жуып, шаяды, ал тағдыр түні (Қадір түні) – өмір бойғы күнәларды жуып, шаяды», яғни бұл түндерді тірілту (құлшылық ету) күнәлардың жуып-шайылуына себепші болады. Сол себепті, бұл түн – күнәларды жуу түні деп аталады.

Бұл түнді қалай өткізген абзал?

Құптан мен таң намазын жамағат болып оқу.  Бұдан бөлек үтір, тәһәжжүд, нәпіл намаздарын оқу, қаза болған намаздардың санын толтыру керек.

Құлшылық етуге шамасы келмесе, жоқ дегенде күнә істерден тыйылу. Егер жұмыс немесе басқа факторлар бұл түнде ғибадат етуге мүмкіндік бермесе, кем дегенде харам болған іс-әрекеттен аулақ болу керек.

Тәубе ету және истиғфар айтуға көңіл бөліп, түрлі бидғаттардан сақтану. Өз-өзімізді есепке тартып, жасаған күнә, қате-кемшіліктеріміз үшін шын жүректен өкініп, тәубе етуіміз керек.

Құрметті жамағат, жоғарыда келтірілгендерден бөлек, өзге де құлшылық түрлерін, ізгі амалдарды атқаруға болады.

Берекелі Рамазанға 15 күннен астам уақыт қалды. Дәл қазір жақсы әдеттердің негізін қалап, осы айдың жоспарын құра отырып, дайындықты бастағанымыз өте маңызды.

Құрметті бауырлар! Бараат түнінің берекетімен Алла Тағала иманымызды баянды етсін. Қасиетті айлар мен күндерде Жаратқан Иеміз күнәларымызды кешіп, екі дүниенің бақытын берсін.

Әнуар қажы Ізімбайұлы,

Маңғыстау облысының бас имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close