Мақалалар

Бекет атаның бізге берер дәрісі

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Менің ұстазым айтатын, Пайғамбарлардан басқа ешбір адам кәміл емес, бірақ әрбір адамнан алатын өнегеміз бар. Мысалы: Хз. Әбу Бәкірден (Алла ол кісіден разы болсын) тақуалықты, Хз. Омардан (Алла ол кісіден разы болсын) әділдікті, Хз. Османнан (Алла ол кісіден разы болсын) ұятты және Хз. Әлиден (Алла ол кісіден разы болсын) ілімге құштарлықты және батырлықты үйренетініміздей.

Дәл осы сияқты Бекет атадан да үйренуіміз керек болған негізгі нәрселер бар. Олардың бәрін тізіп отырмастан бірнешеуіне тоқтағанымыз жөн болар. Бекет атадан бүгінгі күнімізге қатысты қандай өнеге алсақ болады? Меніңше Бекет атаның өмірінің өзі өнеге. Атап айтқанда:

1: Ілімге және ілім үйретуге деген құштарлығы;

2: Елі, жері және Отаны үшін жанкештілігі;

3: Дінге жанашыр болуы.

Өз дәуіріндегі заманның қиындығына қарамастан Маңғыстау өлкесінен Хиуа шаһарына аттанып, сол жақта жеті жылдай ілім алуы – оның ілімге деген құштарлығының деңгейін көрсетеді. Сондай-ақ елге оралғаннан кейін білгенін жастарға үйретуі және қиындықтарға қарамастан медресе салып, шәкірт тәрбиелеуі – Бекет атаның ағартушы ұстаз екенін көрсетеді.

Бекет атаның елі, жері және Отаны үшін жауға қарсы қол жинап шайқасуы – оның ұлтжанды батыр екенінің көрінісі. Бұл қасиеті Хз. Әлидің (Алла ол кісіден разы болсын) қасиетіне ұқсайды. Өйткені нағыз мұсылман тек ілім жағынан емес, сонымен қоса ержүректік жағынан да өзінен кейінге ұрпаққа үлгі бола білу керек. Тақуалық тек ілім және құлшылықпен ғана емес, дұшпанға қарсы жиһад жасауда да көрініс табады.

Пайғамбарымыздан (саллаллоһу әлейһи уә сәллам) «Алла разылығы үшін жасалған амалдардың ең абзалы не деп?» – сұралғанда, Ол (саллаллоһу әлейһи уә сәллам): «Алла жолындағы жиһад» деп жауап берген. Ал Алла жолында жиһадқа Отанын, ұлтын және жерін қорғау үшін де соғысу да жатады. Бұл нәрселерді жақсы түсінген Бекет ата іліммен шектелмей, қолына қару алып жауға қарсы соғысқан. Сол жолда атамыз батыр атағына қол жеткізгенін тарихтан білеміз.

Ал енді дін жанашырлығы жағына келер болсақ, Бекет ата асыл дініміздің қазақ даласына таралуы үшін мешіт, медресе салып, шәкірт тәрбиеледі. Қазіргі кездегі секілді дамыған құрылыс техникасы болмаған дәуірде тау-тасты ойып, мешіт, медресе салуы өз алдына бір бөлек ерлік.

Құран Кәрімде: «Алланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, намазды кемеліне жеткізіп үзбей әрі уақытылы оқитын, зекетті толық беретін, сондай-ақ Алладан өзге ешкімнен именбейтін шынайы мүміндер ғана лайықты деңгейде көркейте алады» («ат-Тәубә» сүресі, 18 аят), – деп келеді.

Қазіргі таңда, біз, дін қызметкерлері ғана емес, қоғамымыздың әр мүшесі осы Бекет атамыздың мұрасына адал болып, еңбектенуге тырысатын болсақ Қазақ елін рухани тұрғыдан ғана емес, өзге де салалар бойынша алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосары анық. Ол үшін Бекет ата ғана емес, өзге де алып тұлғаларымыздың өмірбаяны мен ілімін зерттеп, келешек ұрпаққа жүйелі түрде насихаттауымыз керек.

Қазақтың зиялысы, ағартушы ақын-жазушы Міржақып Дулатұлы «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» десе, қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков ағамыз «Елді ояту үшін, тарихты ояту керек» деп айтады.

Сондықтан тарихымызды және тарихи тұлғаларымызды жан-жақты зерттеп, жастарға кеңінен танытуымыз маңызды іс. Әрбір ұлт өзінің тарихынан сусындап болашақ өмірге қадам басуы өте маңызды. Қандай да бір ұлттың келешегіне балта шапқысы келсе, ол ұлтты тарихынан және қайраткерлерінен аулақтататыны тарих тәжірибесінен белгілі. Алла бізді осындай селқостықтан сақтасын деп тілеймін. Әмин!

Марат Жарылқап,

Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұстазы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close