Мақалалар

Бекет ата тағылымы һәм оңаша құлшылықтың құпиясы

Киелі Маңғыстау жайлы сыр шерткенде рухани ұстаз, әулие Бекет Мырзағұлұлына тоқталмай кету мүмкін емес. Маңғаз Маңғыстауға табан тіреген адам Бекет Ата басына барып, зиярат жасауға тырысады. Бекет Ата жер асты мешітіне барған жандар ерекше әсер алып, рухани сусындап қайтады.

Алла сәтін салып, біз де Ата басында болып, ағартушы тұлғаның рухына Құран бағыштап, ерекше әсер алдық. Біз осы сапарда ғибрат болар бір дүниені байқадық. Пір Бекеттің жер асты мешітінде шәкірт тәрбиелеумен қатар, оқшауланып құлшылық етуі бізді біраз ойландырды. Бұл амал мұсылман баласының рухани кемелденуіне үлкен әсер етеді екен. Осы бағытта кішкене ізденіп көріп едік. Біраз нәрсеге қанықтық. Сіздермен бөлісуді жөн көрдік.

Бірнеше күн немесе белгілі бір мерзім аралығында оңаша қалып, құлшылық жасауды қоғамнан бөліну деп түсінбеуіміз тиіс. Бұл – өз-өзімізге есеп беру арқылы иманды күшейтетін амал. Бұл амалдың негізгі мақсаты – Алланы еске алу, сонымен қатар жүректі әртүрлі дерттен (дүниеге шектен тыс қызығу, рия, шақуаттың қалауына ерік беру, біреудің кемшілігіне қуану, мақтан сөзге масаттану, т.б.) арылту және оны емдеу.

Жүрек – нәзік жаратылыс. Оны әртүрлі дерттен тазартып, уақытына емдеп тұрмаса болмайды. Оңашада Алланы үнемі еске алған жүрек тыныштық табады. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хира үңгірінде бірнеше күн қалып, оңашада Алла туралы көп ойланатын, төменге көз тастап, надандық дәуірін бастан кешіп жатқан қауымын қараңғылықтан құтқару жайлы уайымдайтын.

Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оңаша қалып, Алланы көбірек еске алатын амалы туралы былай дейді: «Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи ұйқыда жақсы түс көруден басталды және көрген түсі таң шапағындай анық келетін. Содан кейін оған оңаша қалу ұнамды боп қалды. Отбасын сағынғанға дейін жалғыз өзі Хира үңгірінде үздіксіз бірнеше түн (Аллаға) құлшылық-ғибадат жасайтын. Сол үшін өзімен бірге азық алып кететін. Сосын Хадишаға қайта соғып, тағы да сол құлшылығы үшін азық-ауқат қамдап алатын. Хира үңгіріндегі амалы оған ақиқат келгенге дейін жалғасты».

Расында, оңаша қалу амалы адамның құлшылығын түзейді, оның ойын өзгертіп, Аллаға деген сенімі мен тәуекелі артады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оқшауланып, Жаратушыны ерекше еске алу сәтінен кейін үлкен жақсылықтар орын алды. Уахи түсіп, пайғамбарлық аманатты арқалады.

Адам баласы қым-қуыт тіршілікте түрлі проблемамен бетпе-бет келеді. Әсіресе, күнделікті тіршіліктегі әртүрлі мәселелер адам баласының ойы мен құлшылығына әсер етпей қоймайды. Ал тек Алланы еске алу үшін оңашаланған пенде иманын күшейтіп, жан-тәнімен құлшылық етеді. Оның ойын Алладан басқа ешнәрсе өзгерте алмайды. Хақ Тағала Құранда: «Раббыңның атын есіңе ал да, Оған жан-тәніңмен бет бұр» («Мүззәмміл» сүресі, 8-аят) деп әмір еткен.

Асылында, адам баласы болған соң өзгелермен әңгіме-дүкен құрғанды жақсы көреміз. Алайда көп әңгіменің арасында біреуді жамандап, ғайбат сөзге жол беріп қойғанымызды өзіміз де байқамай қаламыз. Бос әрі көп әңгіме иманды әлсіретуге әкеп соғады. Ал бос әңгіме мен көп сөзден арылатын амал – жеке қалып, Жаратушы мен жаратылыстар туралы ойлану. Нәпсі деген Алланы еске алудан қашқақтайды. Ал оны дұрыс тәрбиелей алсақ, адам жаны Алланы еске алуда ерекше сезімге бөленеді. Жүрекке тыныштық орнап, бақыттың дәмін сезіне бастайды.

Адам Алланы еске алса, Алла да пендесін еске алады. Раббымыз құдси хадисте: «Мен Өзімді есіне алған адамның жанындамын» делінген. Тағы бір құдси хадисте Алла Тағала: «Егер пендем Мені есіне алса Мен онымен біргемін. Егер пендем тек Мен жайында ойласа, Мен де тек ол жайында ойлаймын. Егер пендем Маған бір елі жақындаса, Мен оған бір білек жақындаймын. Ал егер пендем Маған бір білек жақындар болса, онда Мен оған бір құлаш жақындаймын. Егер пендем Маған қарай жүрсе, Мен оған қарай жүгіремін» деген.

Оңаша қалып, Алланы еске алған адам Жаратушы Жаббар Иесін тек тілмен емес, жүрекпен еске алады. Имам әл Ғазалий (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Адамдардан оқшауланып оңаша қалу дүниенің күйбеңі мен күйзелісінен арылтады және есту мен көру қабілетін дұрыс бағытқа өзгертеді. Көз бен құлақ – жүрекке апаратын тікелей қақпа. Біздің сезім мүшелеріміз арқылы жүрегімізге түрлі мәліметтер орнығады. Жүректі тек Алланы еске алуға үйрету әдісі оған орнығатын бүкіл ақпараттардың сүзгісі қызметін атқарады. Жүрекке дұрыс білім мен ақпарат орныққан кезде ғана ол нұрланып, шуақтана бастайды» деп жазады.

Ал белгілі ғұлама Имам әш Шафиғий (Алла оны мейіріміне бөлесін) мынадай кеңесін айтқан: «Алла Тағала жүрегімді білімге айқара ашсын деген адам ең алдымен көбірек оңаша қалуды, аз тамақ ішуді, ақымақтармен сұхбаттас болмауды және әдепсіз әрі ынсапсыз ғалымдармен мүлдем араласпауды әдетке айналдырсын».

Оңаша қалып, құлшылық етудің адам баласына берері көп. Жаман сөйлеуден, жаман нәрсені көруден, мақтаныш дертінен, дүниеге қызығудан, т.б. теріс әдеттерден аман боласың.

Расында, көп тамақ асқазанға зиян болғаны секілді, тіршіліктің қамына қатысты көп ой жүректі әлсіретпей қоймайды. Тіпті, бұл жүрек дертіне душар етуге әкеп соғады. Асқазанның емі ашығу болса, жүректің емі оңаша қалу. Жүрек оқшаулана бастаған сәтте ол емделе бастайды. Хадисте: «Ихсан дегеніміз – Алланы көзіңмен көріп тұрғандай құлшылық етуің, егер көрмесең де Алла сені көріп тұрады» делінген. Оңашада жасалған құлшылық жүрекке Алланы көріп тұрғандай немесе Алла бізді көріп тұрғандай сенім ұялатады.

Пайғамбар жолын жалғаған кешегі сахабалар мен ғұламалар, олардың соңына ілескен біздің бабаларымыз да шәкірт тәрбиелеп, жеке құлшылық жасауға ден қойған. Солардың бірі болған Бекет Атаның ғибратты ғұмыры бізге өнеге болып қала бермек. Өйткені, ол елді жауынан арашалай білген батыр, дау-дамай кезінде әділетті ту еткен қазы, ілім іздеген шәкіртке ұлағатты ұстаз болды.

Әнуар Ізімбайұлы,

Маңғыстау облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №18, 2020 жыл

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close