Мақалалар

Амал күні қазағым көріседі

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Діни басқарманың кеңейтілген Төралқа мәжілісінде 2021 жылы атқарылатын жұмыстардың жеті бағытын бекіткен болатын. Соның ішінде дін мен дәстүр сабақтастығына ерекше көңіл бөлініп, аталмыш бағытты кеңінен насихаттау қарастырылғанын атап кеткеніміз жөн. Осыған орай, халықтың сұрауы бойынша, сондай-ақ имандылыққа бет бұрған жастардың сұрақтарына орай «Амал мерекесінің» тарихы, анықтамасы мен мән-мағынасын түсіндіріп кетуді жөн көрдік.

Алдағы аптада барлық түркі тілдес халықтарға ортақ әз-Наурыз мерекесі келе жатыр. Десе де, еліміздің Батыс өңірлерінде Наурыз мерекесі, 14-ші наурыз күні басталып, «Амал мерекесі» деп аталады.

«Амал» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Бір деректер бойынша, «амал» – «хамал» (көне түркілерде жыл басын бастайтын айдың аты) сөзінен шыққан. Екінші деректерге сай, «амал» арабша «әл-хамал» – 12 шоқжұлдыздың бірінің атауы. Бұл жұлдыздың қазақша атауы – «тоқты».

«Амал мерекесі» неге 14-ші наурыз күні басталады деген сұраққа жауап беруге тырысайық. Біздің ата-бабаларымыз, жылдың басын 1-ші наурыз күні деп есептеген. Бұл сөзімізге дәлел ретінде, қазақтың ғұлама ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 8 күндік наурызнама туралы дерегін келтіруге болады.

Ертедегі наурызнама күндері 1-8 наурыз аралығында болса, кеңес үкіметінің 1918 жылғы бұйрығына сәйкес күнтізбе өзгеріске ұшырап, 13 күнге алға жылжыған. Осыған байланысты, 1918 жылдың 31-ші қаңтарынан кейінгі күн 1-ші емес, 14-ші ақпан болып саналып, «Амал күнінің» атап өтілуі 14-ші наурызға ауысқан.

«Амал мерекесін» – «Көрісу күні» деп те атайды. Бұл күні адамдар «Амал оң болсын!», «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай» деген сөздерді айтып, бір-біріне ізгі тілек білдіріп жатады.

Ендігі кезекте ғасырлар бойы өзара үндесе білген асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығына негізделген «Көрісу күнінің» маңыздылығына тоқталсақ.

Біріншіден, Көрісу күні туған-туыс, көрші-қолаң ерте тұрып бір-бірімен қауышуға асығады. Өзара сәлем алысып, төс қағысқаннан кейін, амандық-саулық сұрасады.

Ақын Рахат Қосбармақ өзінің «Амал» атты өлеңінде бұл сәтті былай суреттейді:

                            Амал күні қазағым көріседі,

                            Көрісу, бұл – көненің желісі еді.

                            «Жасың құтты болсын!» деп жамырасып,

                            Ақ ниетпен адал қол беріседі.

Қасиетті Құранда:

«Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар!» («Ниса» сүресі, 86-шы аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса бір хадисінде былай дейді: «Сәлем беру сүннет, ал жауап қайтару парыз».

әл-Маусули «әл-Ихтияр» атты кітапта: «Сәлемді естіген әрбір адамның оған жауап қайтаруы парыз. Егер олардың кейбірі жауап берсе, басқаларының мойнынан түседі. Ал сәлем беру сүннет» – деп келтіреді.

Екіншіден, бұл күні ежелден келе жатқан салт-дәстүріміз бойынша жасы кішілер үлкендерге сәлем беріп, ізет көрсетіп, ақ батасын алып жатады. Өз кезегінде, ақсақалды қарияларымыз, ақ жаулықты аналарымыз жастарға ақжарма тілектерін айтып, жақсылық тілеп жатады.

Ақын Берік Тілеген өзінің «Амалға арнау» атты өлеңінде:

                            Жағалап қариясын, ақбас шыңын,

                            Жалынды жас үйінде жатпас бүгін.

                            Ұмытпайық үлкендер ұлағатын,

                            Ұлықтайық бабаның салт-дәстүрін!

деп жырлаған осынау ізгі амалдың сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес», деген хадисімен сабақтас екендігінде күмән жоқ.

Үшіншіден, Амал күні – ынтымақ пен татулықтың, кешірім мен мейірімнің мерекесі. Бұл күні өткен күннің араздығы ұмытылып, өкпе-реніші кешіріледі. Өзара ренжіскен адамдар кешірім жолын ұстанып, бір-бірімен татуласып жатады.

Кешірімнің маңыздылығы туралы Қасиетті Құранда:

«Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер» («Хужурат» сүресі, 10-шы аят) деп айтылса,

Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадисінде: «Бір мүміннің мүмін бауырына үш күннен артық суық қабақпен қарауы адал етілмейді. Кезігіп қалғанда олар теріс айналады, алайда ең жақсысы – бірінші болып сәлем бергені», деп келеді.

Әсіресе бұл мәселе туыстық қатынасқа тікелей қатысты. Адам көзі тірісінде бауырларының, туыстары мен өзге де жақындарының қадір-қасиетін жете түсініп, арадағы сыйластықты сақтап, олармен тату тәтті өмір сүрсе нұр үстіне нұр болары анық.

Ақиық ақын, батыр, күйші Махамбет Өтемісұлының келесі өлең жолдары бұл сөздерімізді айшықтап тұр: «Тіріде сыйласпаған ағайын, Құм құйылсын көзіңе, Өлгенде бекер жылама!».

Төртіншіден, бұл күні адамдар өздерінің жақындарына, туысқандарына сыйлық сыйлап, шынайы ықыластарын білдіріп жатады.

Бұл ізгі амал пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келесі хадистерімен үндес келеді:

«Бір-бірлеріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады»; «Сыйлық алмасыңдар, бір-бірлеріңе деген махаббаттарың артады»; «Бір-бірлеріңізге барып қал-жағдай сұрасып тұрыңыздар. Сыйлық берісіңіздер. Өйткені зиярат – сүйіспеншілікті нығайтады, ал сыйлық – жүректі жамандықтардан (өшпенділік, қатігездік, дұшпандықтан) тазартады».

Бесіншіден, Амал мерекесі – ел бірлігі мен тұтастығын, халықтың ауызбіршілігін нығайтып, ынтымағын арттыратын күн.

«Ырыс алды – ынтымақ», «Байлық байлық емес, бірлік – байлық», «Бірлік түбі – береке» деген ата-баба өнегесін бекем ұстанып, осы айтулы күні барлық іс-шараларды бірлесе атқарған халқымыздың ел арасындағы бірлікті, татулықты ерекше бағалайтынын байқауға болады. Отпан тауының шыңында жағылатын «Бірлік алауы» осы сөздеріміздің айқын көрінісі.

Қорыта келе, «Амал» – қазақ халқының бірлігін, ұлтымыздың ары мен намысын, туыс пен бауырдың бір-біріне деген сүйіспеншілігін насихаттайтын бірден-бір мереке. Сондай-ақ, бұл мерекенің ата дініміздің ұстанымдарымен тығыз байланысты екендігін ерекше атап кеткен жөн.

Шуақты көрісу күндері Алла баршамызға рухани қуанышты және Өзінің мейірімділігін сезінуді нәсіп етсін! Алладан біздің тілеген дұға-тілектерімізді қабыл етсін деп сұраймын. Қадірлі мереке баршамызға мүбәрак болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Амалдан амалға аман-есен жете берейік!

Әнуар қажы Ізімбайұлы,

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close